Есім хан


Есім хан[1] — (1598—1628) билік құрған. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан — Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған.

Қазақта "Қасым салған қасқа жол, Есім салған ескі жол" деген қанатты сөз ежелден бар. Керей мен Әз Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығы әуелде әлсіз, жаңа-жаңа қаз тұрып келе жатқан-ды. Қазіргі Қазақстанның күншығысында, Жетісуда дулаттар, жалайырлар, албан, суан, наймандар, тағы басқа ру-тайпалар құрған күшті мемлекет Моғолстанға келіп, жер сұраған ақордалық бауырларына Есенбұға хан Шу-Ӏле тауларының Қозыбасыға дейінгі жерін бөліп берген. Сол заманның көне көзіндей болып, күні бүгінге дейін атын жоғалтпай, Шу бойында Хан тауы, хандар құс салған Cұңқар шыңы алыстан мұнартып, қол бұлғап тұрғандай. Қаз-қаз басып, ту көтерген Қазақ хандығы жан-жағына алаңдай қарап, күн көруге мәжбүр болған. Шығысында Ойраттардан, батысында Әмір-Темір әулеті билеп тұрған Сырдария мен Әмудария арасындағы күшті мемлекет Мауреннахрдан, солтүстігінде Сібір хандығынан қауіптенетін Моғолстанға қалқан, қорған тәрізді өмір кешті. Әсіресе, өздеріне кектеніп қалған хан Әбілхайыр әне-міне шабуылға шыға ма деген үрей бар.

Мазмұны

  • 1 Хан болу жолы
  • 2 Билігі
  • 3 Тапқырлығы
  • 4 Тұрсын ханның өлуі
  • 5 Тарихи деректер
  • 6 Дереккөздер

Хан болу жолы

Қалайда Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының туын жыққан жоқ, олар дүниеден өткен соң билік Қасым ханның қолына тиді. Ол мұсылман дінінде болғанмен отырықшы елдердегі тәртіп, заңға ұқсамайтын көшпенді халықтың күнделікті түрмыс- тіршілігіне, салт-санасына, ой-көзқарасына орай жаңа заң-тәртіп орнатты. "Қасым салған қасқа жол" дейтініміз сол. Қасым нұсқаған жолдың негізгі мақсаты — Қазақ мемлекетін күшейту, халқын көбейту, жерін кеңейту- тұғын. Ол бұл жолда күні-түні аттан түскен жоқ, іргедегі мемлекеттердің өзара және ішкі алауыздықтарын, араздықтарын пайдаланып, досынан да, қасынан да одақ таба білді. Соның нәтижесінде Қазақ хандығының жері Сарыарқаны қосқанда сонау Жайық жағасына дейін кеңейген еді. Қасым хан өзінің бақталасы өзбек ханы Мухаммед Шайбаниді тізе бүктіріп, Сыр бойындағы қалалардың басым көпшілігін Қазақ хандығына қаратқан. Оның ақылды, алғыр, батыл қимылдарының сарыны орыстың Ұлы князі Василий ӀӀӀ-ге де жетіп, дипломатиялық байланыс орнатқан.1523 жылы Қасым хан өлгеннен кейін оның мұрагерлері арасында таққа, баққа таласу өріс алып, Қазақ хандығы біраз әлсірейді де, Хақназар тұсында (Қасым ханның баласы) қайта өрлейді. 42 жыл бойы тақтан түспеген Хақназар (Ақназар) "қазақтар мен қырғыздардың патшасы" аталған. Сол тұста ыдырай бастаған Ноғай ордасынан қаңлылар, қыпшақтармен бірге Кіші жүзАлшын одағына енген тайпалар түгелімен Қазақ хандығына келіп қосылғаны мәлім. Тіпті Ноғай ордасының астанасы Сарайшық қаласы да Хақназарға қарағанын айта кету керек. Әйтсе де сырттағы жаудан іштегі жаудың ақыл-айласы артық екені анық. Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын адамдар жіберіп, қапылыста қазақ сұлтаны Жалымды екі баласымен, Хақназарды екі ұлымен қоса өлтіртіп жіберген. Екі жыл өткен соң Баба сұлтанның да басына зауал туып, Түркістан қаласының түбіндегі ашық шайқаста Тәуекел бастаған қазақ қолы Баба сұлтанның әскерін талқандап, өзінің басын алған.

Тәуекелден кейін тарих сахнасына 1598 жылы Есім хан шығады. Ол бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға катысып, "Еңсегей бойлы Ер Есім" атанған еді. Тәуекел Бұхараны қоршағанда ол 20 мың әскерімен Самарқандты билеп тұрған. Ауыр жарақаттан қайтыс болған ағасының орнына хан сайланған Есім отыз жыл бойы буыны жаңа бекіп келе жатқан Қазақ мемлекетін қорғау, күшейту жолында қанын да, жанын да аяған жоқ. Шығысында қалмақтармен, солтүстік батысында Бухара хандығымен үздіксіз шайқасуға тура келген. Көрші жатқан қазақ ауылдарын үнемі талан-таражға салып, ұлдарын құл, қыздарын күң етуге ұмтылған қалмақтардың бетін қайтаруы, кейде тіпті өзі де жорыққа шығып, шекарадан алысқа қуып тастауы түсінікті жағдай, ал өзімен қандас, халқы аралас-қүралас Бұхара хандығымен неге жауласты дейсіз ғой? Бүған бірнеше себеп бар.

Билігі

Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты. Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді. Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен Тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал Тұрсын Мұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты. Есім хан Әбдірахимнің қызы Патша ханымға үйленді де, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахимге берді. Есім хан мен Тұрсын хан арасында күрес шиеленісе берді, 1627 жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді.Есім ханның феодалдық бытыраңқылықты жеңіп, қазақ хандығын біріктіру жолындағы күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған.

Тапқырлығы

Оның ақылды, алғыр, батыл қимылдарының сарыны орыстың Ұлы князі Василий ӀӀӀ-ге де жетіп, дипломатиялық байланыс орнатқан. Қазақ халқы дербес халық ретінде Батыс Европаға да әйгілі бола бастаған. Бұл жөнінде Австрия дипломаты Сигизмунд Герберштейн жазбаларында бар. Әйгілі тарихшы Мүхаммед Хайдар Дулати: "Қазақ хандығы мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес" — деп тегін жазбаса керек

Тұрсын ханның өлуі

Есім ханның ел ішіндегі беделін, асқан абыройын іштей қызғанып жүретін Тұрсын Бұхара ханының ниетін тез түсініп, Сырдария жағасында екеуі астыртын келіссөз жүргізеді де, Есім ханды жоюдың жоспарын жасайды. Қазақ ханы бұл кезде моңғол билеушілерінің, қырғыз манаптарының өзара қырқысуын тыю үшін шығыс аймақтарда жүрген.Тұрсын ханның түп атасы түсініксіздеу. Толық есімі Тұрсын Мүхаммед- сұлтан. Орыс жазбаларында Шығай ханның ұлы, Есім ханның туысы делінген. Махмуд Уәли "Бахр Ал-аср" атты еңбегінде: "Ол Жалым сұлтанның баласы еді", — дейді. Жалымды екі ұлымен бірге, жоғарыда айтқанымыздай, Ташкент билеушісі Баба сұлтан өлтірген. Бұл зұлым өзінің қайын атасы, қазақтың ұлы ханы Хақназарды да екі ұлымен қоса жансыздары арқылы жайратқанын білеміз. Ал Жалым сұлтан қайдан шықты — ол жағы тағы мәлімсіз. Кейбір зерттеушілер Әз Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның баласы болуы мүмкін дегенді айтады. Енді біреулер Шығай ханның әрпағы, яғни Есім ханның туысы етіп көрсетеді.Қалай дегенмен Тұрсын сол тұста Ташкентті билеп, күллі қазаққа хан болуды армандап жүрген. Бірақ жолында Еңсегей бойлы Ер Есім тұр. Тұрсын жалғыз Ташкентте емес, Біскент, Түркістан, кейде Сауран, Әндіжан, Шахрухийя сияқты үлкенді-кішілі қалаларға да қожалық ететін. Есім ханмен бірігіп соғысқанда өзінен әлденеше рет жеңілген Имамқұли көмектесем деген соң үміт оты жана бастағанды. Есім хан Ташкент қаласына білдіртпей түнде кіріп, хан сарайының күзетшілерін байлап тастап, Тұрсын ханды қаперсіз ұйықтап жатқанда қапылыста өлтіреді, сонда Есім ханның қасындағы Төлеген (Марқасқа) жырау оны мынадай жырмен оятады:

Ей, Қатаған хан Тұрсын!
Кім арамды ант ұрсын.
Жазықсыз елді жылатып,
Жер тәңірісің, жатырсың,
Хан емессің қасқырсың,
Қара албасты басқырсың!
Алтын тақта жатсаң да
Қазаң жетті қапылсың!
Еңсегей бойлы ер Есім,
Есігіңе келіп тұр,
Шашқалы тұр қаныңды,
Кешікпей содан қатарсың!

Есім хан шошып оянған Тұрсын ханның басын алады.«Бахыр әл асырардың» авторы Махмұд ибн Уәлидің айтуына қарағанда, есім хан 1628-жылы қайтыс болған. Ал «Қазақ совет энциклопедиясының» мәліметіне қарағанда 1645-жылы қайтыс болған делінеді.

Бұл туралы болашақ Хиуа ханы және танымал тарихшы Әбілғазы былай деп жазады:

"Мен қазақтардың ішіне бардым. (Бұл — 1625 жыл шамасы). Түркістандағы Есім ханның сарайында үш ай тұрдым. Бұл кезде қазақтардың үлкен ханы Тұрсын еді. Ол Түркістанға Ташкенттен келді. Есім хан мені үйде қалдырып, Тұрсынмен кездесуге кетті. Тұрсын ханмен сөйлескен соң Есім мені өзімен бірге алып жүріп, ханға таныстырды да, былай деді: "Мынау Жәдігер ханның ұрпағы — Әбілғазы. Бұған дейін бізге ол әулеттен ешкім қонаққа қелмеп еді, ал біздің кісілер бұларға талай барған. Енді сіздің қасыңызда болғаны жөн деп білемін". "Жарайды, — деді Тұрсын хан, — айтқаның болсын". Ол өзімен бірге мені Ташкентке алып жүрді. Ташкентте, Тұрсын ханның жанында екі жыл болдым. Екі жыл өткен соң Есім Тұрсынды өлтіріп, оның қатағандарын қырып тастады. Сонда мен Есім ханға былай дедім: "Мен сіздер жаққа екі ханнан маған қандай пайда тиер екен деп келіп едім, ал өздеріңдегі жағдай мынау. Енді маған Бұхараға, Имамқұли ханға аттануыма рұқсат етіңіз". "Жарайды, — деп жауап берді Есім хан, — жүре бер". Мен Имамқұли ханға қарай аттанып кеттім".

Тарихи деректер

Қазақ сұлтандарының өзара қырқысы және Тұрсын ханның өлімі жайында Махмуд Уәлидің "Бахр Ал-аср" атты кітабының алтыншы томындағы төртінші бөлімінде мынандай баяндаулар бар: "Сол жылдары, яғни 1036 хижрада (1626- 27-жылдары) Есім сұлтан қалмақ жұртын шаппақ болды. Ол өз туының астына барша алаштан және ұлыстың басқа да бағынышты тайпаларынан, сондай-ақ, Тұрсын сұлтанға сүйеу болған қатағандардан да әскер жинап, Моғолстан шетіндегі қалмақ мекен-жайларына ойран салды. Сол уақытта өзінің негізгі саяси бақталасын құрту кезегін көздеп жүрген Тұрсын сұлтан Түркістан маңайындағы Есім ордасын ойрандап, қалған кісілерін қыру үшін әскер жасақтады. Жасақ жауынгерлері ордаға басып кіріп, талай адамды өлтірді. Есім сұлтанның әйелдері мен балаларын барша жасау-жабдығымен Ташкентке алып кетті. Бұл табысқа масаттанған Тұрсын енді Есім ханның көзін жою қамына кірісті. Мақсаты — күтпеген жерден соқтығып, өзін жол үстінде ұстау. Осындай зұлым оймен ол өз әскерін бастап, Есім сұлтанның алдынан шықты. Екі жақ Сайрам шаһарынан шығысқа қарай, 40 шақырымдай жерде, Сайрамсу өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан қазіргі ОҚО Төлеби ауданы,Кеңесарық ауылы маңында, бетпе-бет келіп, "шайқас отын тұтатты". Тұрсын сұлтанның әскері жеңіліп, Ташкентке қарай шегінді". (Ұзаққа созылған (1613-1628 ж.ж.) Есім мен Тұрсын егесіне, Есім жағында Төле бидің атасы дулат Құдайберді мен шапырашты Қарасай батыр қатысқан (Қазыбек бек Тауасарұлы "Түп-тұқияннан өзіме дейін")). Тарихи деректерде Ташкент түбіндегі екінші шайқаста Тұрсынды өзінің жақындары өлтірді делінген. Есім хан Тұрсынның басын кесіп, Имамқұли ханға жібереді. Өзінің бақталасы, опасыз Тұрсынның өлгеніне қуанды ма, өлде Есімханның өзінен қорықты ма — Бұхара ханы оған Ташкентті, Түркістанды, сол маңайдағы қорғаны бар ауыл-мекендерді "сыйлаған".

Тұрсын өлген соң екінші рет ұлы хан болып қайта сайланған Есім сол заманның қатал салты бойынша өзіне қарсы шыққан қатаған тайпасын аямай жазаласа керек. Замандасы Махмуд ибн Уәлидің жазуына қарағанда, Есім де көп ұзамай, өз ажалынан өледі.[2]

Денесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңайына жерленген. Кезінде моласының үстіне шағын да болса айрықша кесене орнатылса керек, бүгінде ол жермен-жексен болып жатыр.[3]

Дереккөздер

  1. ↑ Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2
  2. ↑ Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5
  3. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ISBN 9965-607-02-8


Есім хан Туралы Ақпарат


Есім хан
Есім хан

Есім хан Туралы Видео


Есім хан Сіз қарап жатырсыз.
Есім хан дегеніміз не, Есім хан кім, Есім хан сипаттамасы

There are excerpts from wikipedia on this article and video